Қазақстанда азаматтар қалай тыңдалады?

Тыңдау деген не және ол заңды ма?


24/09/2021
12:17 7271 0

Материалды дайындауға көмектескен халықаралық адам құқықтары жөніндегі заңгер және кеңесші Татьяна Чернобильге алғыс айтамыз. 

 

OCCRP зерттеуіне сенсек, Қазақстанда журналистер, құқық қорғаушылар, лауазымды шенеуніктер мен президент, жалпы алғанда 2 мыңнан астам азамат Pegasus тыңшы бағдарламасы арқылы тыңдалған екен. 

 

Біз мемлекет органдары қандай себеппен қоңырауларымызды тыңдай, хабарламаларымызды оқи алатынын анықтадық. 

 

Тыңдау деген не өзі? 

 

Мемлекет органдарының азаматтың телефон арқылы өзгемен сөйлескенін жасырын тыңдауы. 

 

Кімдерді тыңдауы мүмкін?

 

Жазасы түрмеге бір жылдан астам мерзімге қамау қылмысын жасады деп не топ болып қылмыс жасамақ деген күдікке ілінген адамды тыңдауы мүмкін. 

 

Тыңдай алатын органдар:

 

        • Ішкі істер органдары (ІІМ);
        • Ұлттық қауіпсіздік органдары (ҰҚК);
        • Сыртқы барлау саласындағы уәкілетті орган;
        • Әскери барлау агенттіктері (Қорғаныс министрлігі);
        • Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі;
        • Мемлекеттік күзет қызметі;
        • Экономикалық тергеу қызметі.

 

Тыңдар алдында олар тергеу сотынан рұқсат алуға тиіс. Осылайша:

 

        • күдікті;
        • жазбаша келісім берген жәбір көрген адам;
        • іске қатысты маңызды ақпаратты білуі мүмкін деген адамды тыңдай алады.

 

Прокурор: 

 

        • ауыр, орташа және аса ауыр қылмыстарды анықтау, болдырмау үшін;
        • тергеу, сот пен жазасын өтеуден қашып жүрген адамдарды іздеу үшін;
        • маған қауіп төніп тұр деген адамның жеке өтініші бойынша;
        • барлау үшін тыңдалсын деп бұйрық бере алады. 

 

Тыңдау қанша уақыт жалғасуы мүмкін?

 

30 күн. Бірақ тергеу соты қажет десе, бұл мерзімді ұзарта алады. 

 

Тыңдау кезінде қандай жабдық қолданылады?

 

Қазақстанда SORM жедел іздеу жүйесі қолданылады.

 

Оның үш түрі бар: 

 

        • үй телефондарын тыңдау;
        • мобайл телефон мен интернетте не істегенін бақылау;
        • байланыстың барлық түрі мен оларды ұзақ уақыт сақтауға арналған мәліметтер базасы (мысалы телефон арқылы кіммен, қашан және қайда сөйлескені). 

Сондай-ақ елімізде Израильдегі NSO Group IT компаниясының Pegasus тыңшы бағдарламасы қолданылады екен. Бағдарлама телефондағы барлық әрекетті: қоңырау, хат-хабар, аудио және видеоларды көріп отыруға мүмкіндік береді.

 

Байланыс операторының абоненті тыңдалып жатқанынан хабары бола ма?

 

Жоқ. Өйткені органдар мобайл байланыс операторларына білдірмей, қашықтан тыңдай алады. 

 

Телефоны тыңдалатын адам ескертіле ме? 

 

Жоқ. Телефон тыңдау — құпия іс-шара. 

 

Тыңдалып жатқан адам мұны ешқашан білмеуі де мүмкін. Әдетте бұл іс сотқа жеткенде ғана анықталады және тыңдау арқылы алынған дерек онда дәлел ретінде қоланылады. 

 

Айтпақшы, Қазақстан операторлары мен интернет провайдерлері SORM-ды өз ақшасына сатып алып, жабдықтарына орнатуға тиіс. Мұны ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімов бұйырған.

 

Тыңдалдым деп шағымдана аламын ба?

 

Иә. Телефон арқылы заңсыз тыңдалсаңыз, сотқа шағымдана аласыз. Заңсыз тыңдаған орган келтірілген зиянды өтесін деп талап ете аласыз (Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 38-бабы). 

 

Тыңдаудан қалған жазбалар қанша уақыт сақталады?  

                  

Егер іс бойынша соталды тергеу басталмаса, телефон тыңдаудан қалған жазба алты айдан кейін жойылады. 

 

Экстремизм не терроризмге қарсы барлау барысында алынған жазбаларды сақтау мерзімі тиісті органның ішкі ережелерінде жазылады. 

 

Заңға қарсы әрекет еткеніңіз туралы ақпарат жоқ жеке басқа қатысты жазбалар дереу жойылады. 

 

Органдар сізді тыңдаған болса, бізге хабарласыңыз. Ол үшін Freedom@masa.media электрон поштасына жазыңыз, әңгімеңізді шын атыңызды айтпай жариялай аламыз. 

 


 

Иллюстрация: Лейла Тапалова

Поделиться

Нет комментариев.

24/09/2021 12:17
7271 0

Уведомление